Студенттік өмір: жас түлектерге қызықты кеңестер

  

Студенттік өмір: жас түлектерге қызықты кеңестер

Студенттік өмір. Бұл да бір өткен дәурен еді. Студенттік өмірмен қоштасқаныма екі жыл болды. Студенттік өмір қандай болатынын бұл кезеңнен өткендер қызық та қиын болады деп бір ауыз сөзін айтатын. 

Осы шақта өмір сүріп, келешекті тек болжауға болады. Ал өткен шақтың қателіктерін, жетістіктерін, қызығы мен шыжығын саралау қиын емес. Студенттік өмір кезеңінде жіберген қателіктерімді жас түлектердің қайталағаны, сірә, дұрыс болмас. Құрметті оқырман, студенттік өмір сапарында жинаған тәжірибемді, әрі жас түлектерге арнаған кеңестерімді назарыңызға ұсынамын.

Студенттік өмір жолында мамандық таңдаудан қателеспедім. Меніңше, мамандықтан қателесу деген түсінік дұрыс емес. Керісінше, студент мамандықты меңгеруі тиіс. "ҚазҰУ-ға оқуға түсе алмай қалдым, ҚазҰМУ-ға түскім келіп еді, студенттік өмірім-ай!" деген қате ойдан аулақ болған жөн. Тіпті, "Болашақ" бағдарламасымен шетелде білім алсаңыз да, елде сізді күтіп отырған басшы жоқ. Адамның қабілеті шексіз. Журналистикада оқып жатқан Айдананың химияға деген қызығушылығы болуы әбден мүмкін. Тіптен, молярлық масса мен көлемді, химиялық реакция теңдеулерін есептеп шығарса, таң қалмаңыз. Құдай берген қабілетіңізді анықтап алыңыз. Студенттік өмір жолында қажет болады.

2009 жылы Жүргенов атындағы Өнер Академиясына кинотеледраматург мамандығына шығармашылық емтихан тапсырдым. Мұндай сынақта тек қазақ тілі мен тарихы пәндерінің ұпайы есепке алынады. Әлгі мысалдағы Айдана да журналистика мамандығына осылай өтті. Өкінішке қарай, емтиханның екі кезеңінде де жюри деген жалмауыз төмен ұпай белгіледі. Шешемнің құдашасы Абай атындағы ҚазҰПУ-ды ұсынды. Алайда студенттік орным ақылы бөлімнен бұйырды. Әлбетте, мен таңдаған мамандық болмаса да жыларман күйді кешпедім. Керісінше, Алматы қаласы, жиенімнің үйі, ЖОО-дағы қыздар, жасыл табиғат - студенттік өмір қызық көрінді.

Студенттік өмір жолында нақты мамандықты таңдамаған жөн. Мұндайда көбінесе грант бұйыра бермейді. Биология пәнін таңдадым деп Асфендияров университетін белгілесеңіз, Жансая секілді Талғардағы медколледжден бір-ақ шығуыңыз мүмкін. Ал Гүлбақытқа грант өсімдіктерді қорғау мамандығынан бұйырды. Оқушылардың көбісі аты шулы оқу орындарын, атауы әдемі естілетін мамандықтарды таңдайды. Ал бұл - қателік. Студенттік өмірдің қызықты өтуі тек өзіңізге байланысты.

Жылтырағанның бәрі алтын емес. Сондықтан оқу орнының атымен, мамандықтың затымен мақтанудан аулақ болған жөн. Мұндай ой жас түлектің психологиясын бұзады. Интернеттен ақпарат іздеуден жалықпаңыз, сұраңыз, сұрақ қойыңыз. Асқар Жұмаділдаев тарих пәніне жақын болса да, әдейі адамы аз математика бағытын таңдады. Ақылдасып пішкен тон келте болмас демекші, үлкендерден кеңес сұраңыз, ақылынан айналып өтпеңіз. Кезінде үлкеннің сөзіне тоқтамай, кейіннен өкініп, бармақ тістегендер аз емес.

Сабақтан шыққан соң бірден үйге қайтып кететінмін. Мамандығым маңызды болмаған соң тіл және әдебиет ғылымына қызықпадым, түсінбедім. Жоғарғы курстың студенттері қайыршылар секілді тиын-тебен сұрай беретін болған соң университеттің айналасында жүре беруге тағы ұялдым. Дегенмен, аптасына екі-үш рет садақа беріп тұратынбыз. Бұл - студенттік өмір!

Жас түлек, менің қателігімді қайталамаңыз. Мамандығыңыз мұңайтса да, білімге деген құштарлығыңыз болмаса да, топтағы студенттермен бірге болыңыз. Студенттік шақтың алғашқы жылында университетке уақытыңызды көбірек бөліңіз. Бәрібір мұнда сіз үйренетін нәрсе көп. Ал үйренуден ешқашан да бас тартпаңыз. Студенттік өмір үйренумен қызықты.

Мен басқа студенттер секілді белсенді болмадым. Быдықова белсенді болған соң ҚазҰУ-да жұмыс істеп жүр ғой. Барлық іс-шараның қасынан табыла беру міндетті емес. Бірақ белсенді студент деген деңгейге жетуге тырысыңыз. Әлбетте, кейбір "белсенді" студенттер деканатқа жағымпазданып, тобыңызды тобырымен қоса сатып кетеді. Домбыра шертсеңіз де, би билесеңіз де, іс-шаралардың бағдарламасында аты-жөніңіз болсын. Мен бірінші курсымда 8 наурыз мерекесінде қыздарға арнап рэп оқығам. Ал екінші курсымда бір шығармашылық ұйымның концертінде рэп оқыдым. Әрине, Қасенов Ерлан Сламбекұлы музыка жанрындағы рэп бағытын аса ұната қоймады. Студенттік өмір көпшіліктің көзіне түсумен қызықты.

Мен секілді ұялшақ болып, елге көрсетер өнеріңіз болмаса да, топтың жоғын жоқтап, мерекелік іс-шараға шар үрлеп те, парта сүйреп те үлес қосыңыз. Жалпы, сабақ үстінде де белсенділік танытыңыз. Көптеген студенттер сұрақ қоюды дұрыс білмейді, оны маңызды деп санамайды. Бірақ маңызы жоқ сұрақтардың өзінен де мұғалімнің көзіне түсесіз. Ал семинар сабақтарда ерекше сұрақтар үшін баға алуыңыз да ғажап емес.

Жалпы, өмір болған соң бұдан да көп қателіктер жасадым. Алайда өткен күнге өкініш жоқ. Мен тек студенттік шақтағы негізгі қателіктерді атап шықтым. Бәрі мендей емес. Мұндай қателіктерге ұрынбаған студенттер де бар. Сіз де сондай бағытты ұстаныңыз. Мен студенттік шақтың көп уақытын бос өткіздім. Ал сіз өз уақытыңызға ие болыңыз. Толстой айтпақшы, уақыт деген жоқ, тек сәт бар. Студенттік өмірде әрбір сәтті тиімді пайдаланған жөн. iPhone мен көлікті, шетелді армандаған секілді уақытты бос өткізбеудің жоспарын құрыңыз, амалын жасаңыз. Мұндай әдет жауапкершілігіңізді арттырады, өміріңізді жеңілдете түседі. Студенттік шақ үлкен өмірге қадам басуыңызбен қызықты.

Студенттік шақта басшыға бағыныңыз.

Әдетте, жаңа ортаға үйренісу уақытты талап етеді. Алайда жас түлектер үшін жаңа ортаға бейімделу қызық болуы керек. Бір ай уақыт ішінде бәрімен де таныс боласыз. Студенттік өмірдің алғашқы аптасындағы маңызды нәрсе - басшыны (топ басы) таңдау. Біздің топ Қасқабасова Назеркені таңдаған болатын. Бірақ қысқы емтихан кезінде Назеркеміз пысық болмай шықты. Көптеген қыздардың көңілі толмады. Сөйтіп, екінші семестрде Абитова Жанар тобымыздың басшысы боп сайланды. Қазір ол Абай атындағы №2 Дарын мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүр. Оған бәріміз бағындық, жаман болған жоқпыз. Тобымыз жақсы деңгейге жетті. Кураторымыз шетелге оқуға кеткен соң, бізді өз жауапкершілігіне алатын оқытушы болмады. Студенттік шақтың соңғы семестрінде деканат бір жас оқытушыны бағымызға байлады. Бірақ біздің топ өле-өлгенше Жанарға бағынды, басқаны мойындамады.

Сондықтан балалықты шетке ысырып, сабағын үздік оқитын, оқытушылармен тығыз қарым-қатынас жасайтын еңбекқор студентті топ басы етіп сайлауға ат салысыңыз. Басшыны тағайындаған соң оған шынымен де бағыну керек. Плакатқа 25 теңгеден жинаймыз, сабақтан соң қашып кетпейміз, Ақмаралдың туған күніне 200 теңгеден әкеліңдер, іс-шараға дайындаламыз, т.б. бұйрықтарын бұлжытпай орындаған жөн. Топ басының деңгейі жоғары болуы топ студенттеріне тікелей байланысты. Мәселен, деканаттан ауылға сұранатын болсаңыз, олар өлген адамның анықтама қағазын әкеліңіз дейді. Ал факультетте басшыңыздың деңгейі жоғары болып, тобыңыз белсенді болса, тіпті, ректордан да оп-оңай сұранып кетуге болады. Басшыға бағыну - бірлік пен тірліктің кепілі.

Студенттік шақта күнделік жүргізіңіз.

Күнделік жүргізу тек қана қыздарға арналмаған. Жазушы емеспін деп те мұндай жақсы істен бас тартуға болмайды. Жалпы, күнделік толтыратын адамның бәрі жазушы боп кетпейді. Жазу не үшін керек?

Біріншіден, жазу мен оқу адамды дамытады, жетілдіреді. Жазу арқылы есеп беруді, ойыңызды дәл жеткізуді, қиялдауды, жауапкершілікті үйренесіз. Биотехнолог болсаңыз да, студенттік шақ мехмат пен физфакта өтсе де, жазу деген ешкімге кедергі емес. Лекция мен семинар дәптеріңіз онсыз да жазуға толады. Ал күнделік жүргізу - жақсы нәтижеге қол жеткізетін адамның әдеті.

Екіншіден, студенттік өмірдің қызықты сәтінің бәрі адамның есінде сақтала бермейді. Қызықты оқиғаны қалай болса солай әңгімелегеннен гөрі дер кезінде күнделікке жазып отырған дұрыс. Күнделік жүргізбеудің айтарлықтай зияны жоқ, бірақ пайдасы көп. Жазу мен оқу арқылы адам өзін тәрбиелейді. Күнделік жүргізу үшін дәптер мен қалам тиімді. Ал компьютерде мәтін теру көп ұзамай сізді жалықтырып жібереді. Күнделікке бүгін жазған жазбаңызды ертеңіне оқуға асықпай, үш-төрт аптадан кейін оқыңыз.

Студенттік шақта тіл үйреніңіз.

Аттестатымда ағылшын тілінің бағасы "5" болса да, мектепте бұл тілді жақсы меңгере алмадым. Әрине, сөйлеу мен жазудан қиындық көрмедім, бірақ қарапайым ережесін түсіну оңай болмады. Ал оқу орнында екі жыл неміс тілін оқыдым. Мұнда да дәл сол жағдай қайталанды. Әлбетте, бар кінә өзімнен. Жалпы, адам қай тілде сөйлесе де, оның сол тілде сауатты екендігін көрсетпейді. Ал сауаттылық жазу мен оқу арқылы жақсы қалыптасады.

Тіл үйренудің пайдасы өте көп. Бұл да сіздің жеке тұлға ретінде дамуыңыз үшін өте қажет. Тіл үйрену сол тілдің мәдениеті мен тарихына жол ашады. Алайда тіл үйренудің шегін біліңіз. Кәріс киносы үшін корей тілімен мақтану, жұрттың сөзі үшін ағылшын тілімен мақтану, жапон тілін үйренем деп мангашыл болудың сіз үшін шаңның тозаңындай болса да пайдасы жоқ. Корей тілін білуіңізбен кәріс халқының саны артпайды. Жапон мәдениетін ұстануыңызбен бәрібір оның тарихын сіңіре алмайсыз. Әрбір нәрсенің өз орны бар. Керісінше, шетелдің азаматы қазақ тілінде бір-екі ауыз сөз айтса, қазақтар құтырып кетеді. Сондықтан тілді мақтану үшін емес, өзіңізді дамыту үшін, білімді болуыңыз үшін үйреніңіз.

Студенттік шақта курстарға қатысыңыз.

Кез келген адамның бойында қабілеті болады. Бірі байқаса, бірі жоқ деп есептейді. Жоқ деп ойлаудың негізгі себебі - адам өз-өзін дамытумен, білумен және оқумен айналыспайды. Түске дейін ұйықтайды, кешке дейін Youtube-тан бас алмайды, түнге дейін көше кезеді. Өмір сүрудің формасы сізде осындай болса, мен сияқты өкіне беріңіз.

Алматыда тіл үйренуден бөлек неше түрлі курстар көп. Оның бәрі ақылы. Ай сайын косметика "жей бергенше", белгілі бір курсқа қатысып, біліміңізді арттырыңыз. Ал мешіттерде "Тәжуид" сабағы тегін оқытылады. Ешкім сізді дінге мәжбүрлемейді. Сіз бар болғаны араб әліппесін, Құранды араб тілінде оқуды меңгеріп шығасыз. Одан бөлек араб тілінің граматтикасын үйрететін "Араб тілі" сабағы да тегін.

Курстардан біліммен қоса сертификат қағазын аласыз. Ал мұндай қағаздар болашақта өте қажет болады. Бір ұпайдың өзі маңызды мәнге ие. Сондықтан оқу орнындағы біліммен шектелмей, жан-жақты болуға ұмтылыңыз.

Студенттік шақта Ұлттық кітапханаға барыңыз.

Мен оқушы кезімде кітапхана дегенге бармайтынмын. Мектептегі кітапхананың іші тар болатын. Бар-жоғы 5-6 адам отырады. Оның жартысы - мұғалімдер. Өз еркіммен алғаш рет барған кітапханам Өнер Академиясында болды. Мен сол жерде емтиханның сұрақтарына жауап іздеп, тіпті, Бекзат Қадыралиеваның ізінен жүгіргем. Танысу үшін. Ол да шошып кетті. Бірақ Тараздан екенін, әпкесінің үйіне бара жатқанын айтқан болатын. Ал Аягөз Серікқызы деген ақын қызымыз мен жазған жауаптарды көшірмеден өткізіп алған еді. Бұдан басқа тағы да екі-үш талапкер болды, өкінішке қарай, олардың аты-жөні есімде жоқ. Дегенмен, олардың оқуға түсіп кетіп, менің далада қалғаным ұнай қоймады.

Ұлттық кітапханаға барыңыз. Иә, тіркелудің өзіне жарты сағат уақытыңыз кетуі мүмкін. Әрине, әрбір университеттің өз кітапханасы да жоқ емес. Дегенмен, Ұлттық кітапханада атмосфера басқаша, онда өзіңізді жақсы сезінетін боласыз. Кеңес дәуірінде жарық көрген кітаптарды, газет-журналдарды өз көзіңізбен көресіз. Тіптен, 57-жылдардың мақалаларын оқисыз. Бірақ сабаққа қатысты іздеген ақпаратыңыз табылмаса, қаладағы басқа кітаптарды аралаңыз, танысыңыз. Танысу дегеннен шығады, Ұлттық кітапханада профессорларды, ғылым кандидаттарын, т.б. ғалымдарды кездестіресіз. Мүмкіндік болса олармен тіл табысып, танысуға әрекет жасаңыз, ақыл-кеңесін сұраңыз. Әйтеуір, шетте қалмаңыз.

Студенттік шақта кітап сатып алыңыз.

Қателеспесем, төрт жыл ішінде мамандыққа қатысты он-он бес шақты кітап сатылды. Әлбетте, барлығы бірдей сатып алған жоқ. Мен бар-жоғы екі-үш кітабын сатып алдым. Ал сіз мамандыққа қатысты кітаптарды сатып алудан қашпаңыз. Бәрібір болашақта қажет болады. Әрине, сатып алған кітаптарды оқығаныңыз жөн. Әйтпесе, менің кітаптарым секілді шаң басып қалады.

Сонымен қатар мамандыққа қатысы жоқ, бірақ өзіңіз қызыққан кітаптарды да сатып алыңыз. Оның бәрі сіздің білімді болуыңыз үшін керек. Бір жағынан өзіңізді дамытасыз, шыңдала түсесіз.

Студенттік шақта басқа да ЖОО-ға барыңыз.

Сәбит Мұқановтың дәрісінде студенттер аз болатын. Көбісі Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдауға асығатын. Зейнолла Қабдолов та Әуезовтің әңгімесін тыңдау үшін аудиторияға ұрланып кіретін. Меніңше, басқа да ЖОО-ға барып, дәрісін тыңдауда тұрған ешқандай әдепсіздік жоқ. Тек уақыт жағын реттеуге тура келеді. Өзіңіз "Тұранда" оқитын болсаңыз, жұрт сізді ҚазҰУ-дан іздеп тауып жүрмесін.

Ұлттық кітапханада немесе басқа жерде оқытушылармен танысатын болсаңыз, міндетті түрде дәрістерін тыңдауға сұраныңыз. Қатысуға рұқсатын алыңыз. Бірақ өзіңіздің оқу орнындағы сабақты жайына қалдырып жүрмеңіз. Бастысы, үйренуден жалықпаңыз. Оқудың алғашқы екі жылында қабілетіңіз ашылмаса да, жазу мен оқудан ажырамаңыз. Жеңіс деген бірден бұйыра бермейді. Жеңіс - жаттығулардың нәтижесі.

Студенттік шақта жұмыс істемеңіз.

Студенттік өмір кезінде нан табуды мүлдем наққа жіберіңіз деген сөз емес. Студент үшін күн көрудің неше түрлі әдісі бар. Сізге оның бәрін өмір үйретеді. Жұмыс пен мамандықтың арасындағы байланыс жақсы болса, сіз үшін де тиімді болмақ. Кейбір қыздар грантта оқыса да, кешке қарай ыдыс-аяқ жуды, сатушы болды. Жатақханада тұрған кезімде бір-екі жігіт таңда көше сыпыратын. Олар да ай сайын шәкіртақы алатын студенттердің қатарынан еді.

Жұмыс сізді дамытпайтын болса, керісінше, еңсеңізді езе беретін болса, оқу орнында білім алып қарық қылмайсыз. Әрине, әр студенттің басындағы жағдайы өзіне мәлім. Бірақ ешқандай тәжірибе бермейтін, уақытыңызды алатын, табысы KFC-ден артылмайтын жұмысқа есек боп жегілгенше, күш-қуатыңызды білім алуға жұмсаған жөн. Боқмұрын студент боп бәрібір үй ішіңізді асырай алмайсыз.

Студенттік шақта әрбір нәрсенің орнын біліңіз.

Студенттік өмір - сіздің бала өміріңіз бен үлкен өміріңізді қосатын көпір. Балалық шақта бала боп ойнағаныңыз секілді студенттік өмір кезінде білім алыңыз, үйреніңіз, өзіңізді дамытыңыз. Әдетте үлкен кісілер әрбір нәрсе өз орнымен болады дейді. Ендеше сіз де әрбір нәрсенің орнын біліңіз. Студенттік жылдарды жемісті өткізіңіз.

Сонда қашан қыдырамын? Мен қашан демаламын? Осыған ұқсас сұрақтарға жауап іздеудің еш қажеті жоқ. Уайымдамаңыз, кинотеатрға да барасыз, шетелге де қыдырасыз, үйде де демаласыз - бәріне де үлгересіз. Бастысы, студенттік шақтың шақ-шалекейі шықпасын. Әрбір нәрсенің орнын біліңіз, білім алыңыз, өмір сүріңіз. Жас түлек, ұстаздың өмірлік сабағы мысал болсын.

ҰБТ, студент, алматы, кеңес, жас түлек, мамандық, студенттік өмір
Жансанов МедетЖансанов Медет
2 жыл бұрын 1063
5 пікір
  • Жақсы кеңестер бар екен. Кез келген жазбаның Керектісін алып, қажетсізін тəрк етуді білу керек. Барлық айтылған пікірлерге келісу шарт емес əрине. Авторға рахмет!
    2 жыл бұрын
  • оригинально
    2 жыл бұрын
  • Кеңестеріңіз жақсы екен. Студент кезім есіме түсті. Қызық та қиын кездер еді.
    2 жыл бұрын
  • Айтпақшы көбісі студенттік шақта жар таңдаумен де айналысады, бірақ жылтырағанның бәрі алтын емес. Жар таңдауда асығыстық жасамаған дұрыс. Студент болдың ба сабақ оқу керек, 4- курсты бітірген қызы бар ұлы бар ата-аналар құда түсуге асығады. Жар таңдауды үлкен адамдар жасаған дұрыс сияқты. Жас кезде көп нәрсеге ақылымыз жетпейді екен. Ол рас.
    2 жыл бұрын
  • Дұрыс ойлай білетін адамның айтар сөзі болады. Пайдалы кеңестеріңізге рахмет!
    2 жыл бұрын
Блог туралы