Қыз бен жігіт кездесуге неге құмар?
Қыз бен жігіт кездесуге неге құмар?

Құрметті оқырман, түн ішінде философиялық ой-пікіріммен бөліскім кеп отыр. Бұл жазба жай ғана менің көзқарасым болмақ. Ғылыми зерттеу, факт пен статистиканы әлі ақтармадым. Дегенмен, қоғамнан түйгенім, тәжірибем шындыққа жақын деп есептеймін.

Кез келген қара жаяу адам организм жұмысын есепке ала бермейді. Анатомия, физиология тез меңгере қоятын сала емес. Проблемаға тап болғанда ғана оны зерттеуге тырысамыз. Басқа адамның қандай қиыншылық көріп жатқаны да маңызды емес. Мен де тісімді жұлдыртқан соң кариес туралы оқып кеткен едім. Жалпы, организм деген Алла Тағала жаратқан жүйе ғой.

Оқушы кезінде қыз бен ер баланың қол ұстасуы көргенге еліктеу шығар. Пубертат кезеңді жоққа шығара алмаймыз. Қазір мектеп түлектерінің көбісі Алматыны аңсайтыны белгілі. Ата-анадан алыстап, тағдыр тізгінін қолға алғысы келеді. Факультет, кафедра деген сөздерді естімеген жас қалаға барғанда қоғам қалыптастырған жүйе манипуляциясына бірден ұшырайды. Әйтсе де, жыл өткен сайын ауыл өмірі де қала жүйесіне түсіп келеді.

Адам 16 жасында от боп лапылдап жана бастайды. Қызығы көп, үміті басым, сенімі мол. Соған қарамастан, болмай жатып өмірден түңілуге әуес. Үйренері көп адамның өмірді тауысып тастайтыны да қызық. Айналысатын ісі болмаса жағдай тіптен қиын. Абайдың жұмысы жоқтық дегенін көпшілік кәдімгі жұмыс орны деп қабылдайтын сияқты. Жоқ, олай тар түсінуге болмайды. Мен жұмысы жоқтық дегенді қолы бос деп түсінемін. Себебі қолы бос, айналысатын ісі жоқ адам ерігеді, әркімді жамандайды, өмірден өз орнын таппайды.

Қыз бен жігіт сезімге неге мұқтаж? Біздің организм мектеп кезі, студенттік шақ, магистратура, шетел, карьера деген сияқты мәселелерге тәуелді ме? Жоқ! Дін білмейтін адам да сенетін Құдайын іздейді ғой. Қыз бен жігіт те 16-18 жасында-ақ сезімді аңсайды. Мен "Махаббат - мидағы химиялық реакция" деген позицияны ұстанамын. Бұл тұжырым маған аспаннан түскен жоқ. Ғалымдар ер мен әйел арасында ғашықтық сезімнің болатынын жоққа шығармайды. Бірақ ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты гормондардың мөлшері реттейді. Ал жүректің мәселесі қалай болатынын білмеймін. Ғашық жанның есін жоғалтатыны да рас. Ғалымдар ғашық адамның мидағы реакциясы нашақордың наша қолданған кездегі миының реакциясына ұқсас, жақын келетінін зерттеу нәтижесінде көз жеткізген. Сондықтан ғашық адамды "нашақор" деп те айтуға болады.

Организмнің гормонды бөлетін жұмысы да бар. Ер адамда көп мөлшерде болатын тестостерон гормоны күш көрсеткенде, айқайлап ашуланғанда, жыныстық қатынаста бөлінеді екен. Бір жағынан тестостерон мөлшерін ер адамның денесіндегі түктен де байқауға болады. Нәпсінің қалауы, шайтанның азғыруы бұдан кейінгі мәселелер сияқты. Жалпы, ер мен әйелдің жаратылысы, организм жұмысы күнделікті өмірде айтыла беретін тақырып емес. Жай ғана ақыл жүгіртіп көрейікші: неге сексопатология сексологиядан кейін кездеседі? Иә, мүмкін кейде орны ауысатын шығар. Бірақ ер мен әйел әуелі сексологиямен танысса, кейін сексопатологияның проблемаларына тап бола бастайды. Жастық шақта осыған ұқсас мәселелермен таныс бола бастаған дұрыс деп есептеймін. Ал мұның концепциясы: "Ертең не болатынын білмейсің". Мен де осы шимайды жазып отырмын, ал ертең не болатынын білмеймін. Оқырманның қалай қабылдайтыны маған беймәлім.

Жастық шақта KFC мен дөнерден, шопинг пен кинодан шыға алмаймыз. Киім көк, қарын тоқ болған соң жарқ-жұрқ етіп жүре береміз. Әлгі концепциядан екінші бір мәселенің ұшы шығып тұр. Генетиканы меңгеру қиын, екінің біріне мүмкін емес. Бірақ қарапайым оқу құралында генетиканың зерттелу әдісі жазылған. Қателеспесем, 6 әдіс бар ғой деймін. Сонда сау еркек пен ауру әйелден туатын ұрпақтың ауруға жақын болатыны 50%-ға рас екені айтылған. Ал сау әйел мен ауру еркектің ұрпағында ұлдары сау болады да, мутантты ген қызға беріледі екен. Сұлуынан жылуы деп қазақ қате тұжырым жасамаған болса керек. Жігіттердің көбісінде ақыл жоқ: денсаулығын күтпейтін ауруын жасырып жүрген қыздарға сұлу деген критерий бойынша үйленіп алады да, бала-шағасын дәрі-дәрмекпен асырайды. Сау қыздарды қара, аяғы қисық, мұрны пұшық деп менсінбейміз. Ал нәтижесіне қарайтын болсақ, сол біз менсінбей кеткен қыздардың қазір екі-үш баласы бар.

Сонымен, қыз бен жігіт неге кездесе беруге құмар? Әлбетте, бұл мәселені зерттейтін болсақ, бірталай факторын табамыз. Мен жай ғана философиялық ой ретінде сөз қозғағым келді. Менің қателесуім де мүмкін немесе жақын болжауым да ғажап емес. Бұл санамда пайда болған көзқарас. Ендеше осы ойымды жазып, шимайды қорытындылайын.

P.S. Кеше түнде сайт ақауына байланысты жазбамды жариялай алмай қалдым. Жазған нәрсеге түзету жасауға болады, бірақ оның бірде-бір әрпі қалмаса, ойыңды дәл солай қайта жазып шығу қиын. Бұл философиялық пікірімнің жалғасын тағы бірде жаза жатармын.

отбасы, қыз бен жігіт, махаббат, Сезім, Ғашықтық, философия
Жансанов МедетЖансанов Медет
8 жыл бұрын 12422
1 пікір
Блог туралы